«Кітап-Аmanat» орталығында Аманат партиясымен бірлесіп, ұлт мақтанышы Кенен Әзірбаевтың 140 жылдық мерейтойына арналған лекция-концерт ұйымдастырылды.

Іс-шарада ақынның өмір жолына қысқаша шолу жасалды:

Халық ақыны, күміс көмей әнші әрі композитор Кенен Әзірбаев 1884 жылы 19 маусымда қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында дүниеге келген. Ұлттық рухтың ұлы өнерпазы, жырауы әрі ақыны, жыршысы, күйшісі және әншісі болып танылған Кенен Әзірбаев халқымыздың алтын қорына қосылған сан-салалы мол мұра қалдырған композитор. Ол 10 жасында қолына домбыра алып, той-жиындарда ән сала бастаған. 13 жасында өзінің атақты «Бозторғай» әнін шығарды. Халықтың көңілін елең еткізген бұл ән қазақ даласына тез тарап кетті. «Боздаланың бозторғайы» атанған бала Кененнің аты барша қазаққа мәлім бола бастады. Ақынның бозбала шағында (16-17 жасында) дүниеге келген «Көкшолақ» әні композитордың даңқын арттыра түсті. Кенен Әзірбаевтың артында өте мол жазба мұрасы қалды. Он дастан, жүзден астам әндері, мыңдаған өлең-жырлары, айтыстары, жеті күйі, басқа да аты аңызға айналған тарихи тұлғалар жайлы жазғандары халық игілігіне айналып отыр.

Ақынның ән-жырлары баспадан үздіксіз шығып келеді. 2009 жылы ақынның 125 жылдық мерейтойы бүкіл республика көлемінде кеңінен тойланды. Бұл еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі ақынға көрсетілген ең жоғары құрмет еді. Осы мерекеге байланысты оның 4 томдық толық жинағы «Ғасырлар үні» сериясымен «Өнер» баспасынан басылып шықты. Сонымен бірге тұңғыш рет ақынның өміріне арналған «Фотоальбом» жарық көрді.

Сондай-ақ, бейне жазбадан Кенен Әзірбаевтың өзінің орындауында «Туған жер» әні тыңдалып, слайдтар көрсетілді.

Жергілікті өнерпаздар оның әндері мен күйлерін орындады.

Кеш соңында Б.Байқадамов атындағы музыка мектебінің басшысы Бултирикова Жақсыгүл Ибрагимовна және филология ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор Қолдасбаева Зинаида Шакировна сөз сөйлеп, іс-шараны қорытындылады.

#біртұтас_тәрбие
@oqu_agartu_ministrligi
@gani.beisembayev
@medetbekovameruert
@kost__bilim
@petrenko_e.a_official
@arkalyk_bilim_bolimi
@kbbo.arq
@rumcdo_official
@gani.beisembayev